Алматыда 10-шы Халықаралық «Дарабоз-2015» балалар жазушыларының байқауы жарияланды


Биыл 20 сәуірден бастап 20 мамырға дейін жалғасқан конкурсқа «Балаларға арналған үздік шығарма» сыйлығына үміткер болуға қазақ және орыс тілдерінде 500-ден астам шығарма келіп түскен. Ал жүлде қоры 3 000 000 теңгені құрап отыр. Қазылар алқасы шығармалардың көркемдік жағы, баяндау реті, автордың тіл байлығы сынды мәселелерді ескере отырып дауыс беру мен баға қою арқылы ең үздік шығармаларды таңдады.

Балалар әдебиетіне арналған Х мерейтойлық бәйгенің бірінші дәрежелі лауреаттары «Сиқырлы кітап» шығармасының авторы Қайырбек Шағыр және «Маленький мужчина» шығармасы үшін Дәрия Жұмагельдинова атанды. Байқаудың екінші орнына қазақ тіліндегі «Саяқ» туындысымен Мейіржан Жылқыбай және «Сказка о поющем бархане» орыс тіліндегі шығармасы үшін Елена Клепикова ілікті. Ал Әділбек Ыбырайымұлы «Мәңгілік формуласы» және Гүлсім Назарбаева «Истории из детства» шығармалары үшін үшінші орынға ие болды.

«Балаларға арналған үздік шығарма» номинациясындағы байқаудың гран-при жүлдесінің иегері «Есен-сау жүріңізші асыл ата!» шығармасы үшін Пернебай Дүйсенбин атанды.

«Дарабоз» сыйлығының барлық жеңімпаздары ақшалай сыйлықтан бөлек еліміздің алдыңғы қатарлы баспаларымен балалар кітапшасын шығаруға арналған келісімшартқа отыру мүмкіндігіне ие болады. Ал мерейтойлық байқау нәтижесі бойынша төрт кітап пен үздік шығармалар топталған бір жинақ басылып шығады. Айта кетейік, әйгілі ақын және балалар жазушысы Қазақстан халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев Халықаралық «Дарабоз-2015» сыйлығының биыл алғаш рет бекітілген «Балалар әдебиетін дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесін иеленді.